Балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндерімізге сапалы тәрбие білім беру саласына саналы ғұмыры мен бойындағы бар қажыр – қайратын еш аяп қалмастан сарп етіп келе жатқан жан «Айлин» бөбекжайының негізін қалаушы кәсіпкер – Мендыгазиева Эльмира Құспанқызы.
Эльмира Құспанқызы 1971 жылы мамыр айының он алтыншы жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келді. Заманның ағымына ілесе білген, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ отбасының құт – береке қатар дарыған қарашаңырағында дүние есігін шыр етіп ашып, былдырлап тілі шыға бастаған сәттен, аяғын апыл – тапыл басқан уақытқа дейін мейірбан мінезді әке – шешенің алақанының ыстығы мен жүрегінің жылуына бөленіп өсті.
Жасы жетіп Орал қаласындағы №40 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы атанады. Өзге сыныптастарына қарағанда алғыр, мұғалімдерінің айтқан дүниесін лезде қабылдап алатын зейіні мықты оқушы бірден көзге түседі. Болашақ мамандығын жүрегінің ішкі үнін тыңдай отырып таңдап, сол мамандықтың қас шебері атанып шығу үшін бар зейінін оқуға салып, өзіне артылған жүкті он екі мүшесімен түгел сезіне білетін толыққанды азаматша болып қалыптасады.
Мектепті аяқтап Орал қалалық құрылысшы техникумына құжаттарын тапсырып, барлық емтихан сұрақтарынан ойдағыдай үздік бағамен өтіп, аталмыш жоғары оқу орынының құрылысшы мамандығы бойынша студенті болып қабылданады. Өз мамандығына деген шексіз махаббатының арқасында үлкен профессор ұстаздардың лекция дәрістерінің бірін де қалдырмай түгел қатысып, том-том кітаптарды арқалап жүріп, білім алып шығады.
Саналы өміріндегі еңбек жолын дүкенде сатушы қызметін атқарудан бастап, сол жұмысынан бала күтіміне байланысты демалысқа шығады. Жарық дүниеге Нұрсұлтан есімді тізгін ұстар азаматты әкеліп, отбасын және ұлын жалғыз өзі жүріп аяқтандырады. 2015 жылы сүйікті ұлы Нұрсұлтан шаңырақ көтеріп, бір жылдан соң Айлин есімді немересі дүниеге келеді. Кәсібін әрі қарай жетілдіру барысында немерелі болғаннан кейін жеке бөбекжай ашу ойын жүзеге асырып, немересінің құрметіне алғашқы «Айлин – 1» бөбекжайының тұсауын кеседі. Алғашқы бөбекжай Орал қаласының орталығынан орын алады. Қазіргі таңда Орал қаласында жеті бірдей «Айлин» бөбекжайы жұмыс жасайды. Батыл да өжет мінезі мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында жылма – жыл бөбекжай саны көбейіп келеді.